By continuing to browse the site you are agreeing to our use of cookies. For more details about cookies and how to manage them, see our cookie policy.
Бозшакөл кенін қайта өңдеудің жылдық жобалық қуаты 30 млн тоннаны құрайды. Кенішті пайдалану мерзімі – шамамен 40 жыл.
Бозшакөлде кен өндіру көлемі 2023 жылы 16%-ға, яғни 33 338 мың тоннаға дейін артты (2022: 28 769 мың тонна), өйткені шихталаудың орнына жинақталған кен қорларымен бірге кеннің тікелей байыту фабрикаларына жеткізілуі ұлғайды.
2023 жылы сульфидті байыту фабрикасы да, сазды кенді қайта өңдеу фабрикасы да жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Кенді өңдеудің жиынтық көлемі 32 935 мың тоннаны құрады, бұл Бозшакөл тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады және байыту фабрикаларының жиынтық жобалық қуаттылығынан жылына 30 млн тоннаға, яғни 10% - ға артық. Қайта өңделетін кендегі металл құрамының күтілетін төмендеуіне қарамастан, басшылықтың «кеніштен фабрикаға дейін» процестерді оңтайландыру, байыту фабрикаларында кенді шихталау және реагенттік режимдер бойынша бастамаларының арқасында мыс алудың орташа коэффициенті 75%-дан 79%-ға дейін өсті.
2023 жылы мыс өндіру көлемі 2%-ға, яғни 104,6 мың тоннаға дейін (2022: 102,1 мың тонна) кенді қайта өңдеудің рекордтық көлемінің және металл алу коэффициентінің артуының арқасында ұлғайды. Өндірілген мыстың көп бөлігі Қытайдағы тапсырыс берушілерге концентрат түрінде жөнелтілді, бұл ретте концентраттағы 3,5 мың тонна мыс Қазақстандағы Балқаш мыс қорыту зауытына толлинг схемасы бойынша катодты мысқа қайта өңдеуге жіберілді, мұнда мыс қорыту қуаттары тартымды коммерциялық жағдайларда қолжетімді болды.
2023 жылы алтын өндіру көлемі өткен жылғы 119,1 мың унциямен салыстырғанда 3%-ға, яғни 115,2 мың унцияға дейін төмендеді, бұл 2022 жылы фабрикада құрамында алтыны арттырылған кенді қайта өңдегеннен кейінгі сазды кендегі алтынның күтілетін төмендеуіне байланысты болды. 818 мың көлеміндегі күміс өндірісі қайта өңделген кенде құрамының жоғары болуына байланысты өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға өсті (2022: 737 мың унция).
2024 жылы кәсіпорын 2023 жылғы деңгейде шамамен 100 мың тонна көлемінде мыс өндірудің жылдық көлеміне бағытталған. Алтын өндіру көлемі бойынша болжам 110-120 мың унцияны құрайды, ал күміс өндіру көлемі қайта өңделетін кеннің тән ерекшеліктерінің теріс әсеріне байланысты шамамен 700 мың унцияға дейін төмендейді деп күтілуде.
Директорлар кеңесі жобаның әзірленуін 2011 жылғы 25 тамызда бекітті. Өндіріс алаңы Қазақстанның солтүстік бөлігінде орналасқан, оған Қазақстанның елордасы Астанадан автомобиль жолымен және темір жолмен жетуге болады. Біз жұмысты «нөлден» бастадық. Бұл жолымыздың басы.
Бозшакөлдің қолданыстағы магистральді автомобиль жолдары мен темір жолдардың маңында орналасқандығы бізге дайындық жұмыстарын қысқа мерзімдерде аяқтап, өндіріс алаңының бастапқы инфрақұрылымын салуға мүмкіндік берді.
2012 жылы біз су құбырының құрылысын аяқтап, құрылыс жабдықтарын алған соң өндіріс алаңында жер қазу жұмыстарына кірістік. Біз кеңсеге арналған үй-жайды жайластырып, жұмыскерлерге уақытша вахталық кентін тұрғыздық, негізгі ғимараттардың іргетасын қалап, көтергіш болат құрастырмалары мен қабырғаларды салуға кірістік, үгіту корпусының үстінен жаппа арқалық орнатып, қалдықтарды қойылту борттарын тұрғыза бастадық.
2013 жылы біз негізгі ғимараттардың көбісінің іргетасын қалау және сыртқы қабырғалары мен шатырларын салу бойынша жұмыстардың үлкен бөлігін бітірдік. Сонымен қатар біз тұрақты вахталық кентіндегі тұрғын үй-жайларының металл құрастырмаларын салуды аяқтап, кен байыту фабрикаларының техникалық қызмет көрсету және жабдықтарды жөндеу цехтарының іргетасын қаладық. Көтергіш болат құрастырмаларын тұрғыздық, сондай-ақ ауыр жабдықтарды өндіріс алаңына тасымалдауға рұқсат алу үшін басты кірмежолды салдық. Ауыр жабдықтың бірінші партиясын, оның ішінде шар диірменнің және жартылай өздігінен ұнтақтайтын диірменнің тораптарын біз Антверпеннен Бозшакөл өндіріс алаңына 2013 жылғы шілденің соңында жеткіздік. Жұмыстар шамамен 50%-ға аяқталды, енді ақырғы жобаның кескіндерін көруге болады.
2014 жылдың бірінші жартысында біз кен байыту фабрикасының негізгі ғимаратының құрылысы мен 220 кВ кернеулі электр беру желісін салуды аяқтадық. Күзде біз тұрақты вахталық кенттің құрылысын және 2015 жылдың бірінші тоқсанында алғашқы кен өндіру үшін жүк көліктері мен экскаваторларды құрастыруды аяқтадық. Сонымен қатар біз ұсақтау және флотация учаскелерінде диірмендер мен ішкі болат платформаларын орнатуды және кен тасымалдауға арналған жер үсті конвейерін салуды бастадық. Жоба 2015 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылуы тиіс болатын.
2015 жылдың маусымындағы жағдай бойынша, біз сульфид кенін қайта өңдеу фабрикасының, өндірістік емес мақсаттағы ғимараттың негізгі корпустарына арналған барлық бетон және болат құрастырмаларын, тұрақты вахталық кенттің, автомобиль кірмежолы мен темір жол тармағын салуды, 220 кВ кернеулі электр беру желісі мен қосалқы станцияларды ортақ желіге қосуды аяқтадық. Жүк көліктері, тиегіштер мен экскаваторларды қоса алғанда, тау-кен өндіру жабдықтары жеткізіліп, орнатылды, барлық үш диірменге арналған барабандар, тиегіш қақпақтар мен статорлар орнатылды. Жақын айларда біз алғашқы үгіту қондырғысын салуға, алғашқы және қайта тазалау флотация камералары мен жер асты құбырларына және электр монтаждау жұмыстарына арналған толымдаушы материалдарды орнатуға, шар диірмендері мен жартылай өздігінен ұсақтайтын диірмендерді орнатуға және сынауға, сондай-ақ каолин балшығы бар кенді қайта өңдеу фабрикасын салуға тиіспіз. Алғашқы кен өндіруді біз 2015 жылдың маусымында, ал сульфид кенін қайта өңдеу фабрикасындағы іске қосу мен реттеу жұмыстарын 2015 жылдың желтоқсанында бастадық.
Осы жобаның негізгі сульфид кенін қайта өңдеу фабрикасында тауарлы мыс концентратын өндіру 2016 жылдың ақпан айында басталды, ал мыс концентратының алғашқы жөнелтілімі наурызда жүзеге асырылды. Каолин балшығы бар кенді қайта өңдеу фабрикасындағы іске қосу-реттеу жұмыстары 2016 жылғы 29 қыркүйекте басталды.