KAZ Minerals

НЕГІЗГІ ҚЫЗМЕТІ– ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАРДЫ ӨНДІРУ

Жер үстіндегі Қазақмыс жұмыскерлері, мыс кеніші

Үндеу

2014 жылы KAZ Minerals Тобында елеулі өзгерістер болды. Біз жыл бойы іскерлік қызметпен айналысу қағидаларын берік ұстандық. Біз жұмыс барысында ту етіп ұстаған жауапкершілік принципі стратегиямызды нығайтуға ықпал етіп, өндірістік қызметке лицензия алу мен оны сақтап қалуға, қауіп-қатерлерді тиімді басқаруға, компанияның беделін сақтауға және заңдарды орындауға, капиталдың қолжетімділігін қамтамасыз етуге, шығындарды қысқартуға, мүдделес тараптардың бәрімен конструктивті байланыс орнатуға, дарынды, қабілетті мамандарды жұмысқа тартуға және оларды компанияда қалуға ынталандыруға көмектеседі. Біз кен өндіру мен өңдеуден бастап оны тасымалдау, сақтау мен сатуға дейінгі аралықтағы өндіріс циклі барысында экономикаға, қоршаған орта мен қоғамға тигізетін әсерімізді қадағалауға тырысамыз.

Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – жұмыскерлеріміздің бәрінің еңбек етуіне қауіпсіз жағдай жасау болып табылады. 2014 жылы біздің тоғыз жұмысшымыз бен мердігер компаниялардың төрт қызметкері өндірісте көз жұмды. Бұл қабырғамызды қайыстырған қаралы хабар қауіпсіздік талаптарын бұрынғыдан да қатаңдатуға итермелейді. Соңғы бірнеше жылда бұрыннан қалыптасқан қауіпсіздік мәдениетін өзгертуге едәуір күш жұмсалып, айтарлықтай қаражат бөлінді. Нәтижесінде бұл салада біршама жетістіктерге қол жеткіздік. Дегенмен, біздің мақсатамыз - өндірісте адам өліміне әкеп соқтыратын бақытсыз жағдайларды мүлдем жою болып табылады. Сонда ғана атқарылып жатқан жұмыс дұрыс нәтиже берді деп ауыз толтырып айтуға болады. Біз бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да тоқтатпаймыз.

Біз қайта ұйымдастыру процесінде қолданыстағы кәсіпорындарымыз бен Топ құрамынан шыққан активтердің қызметкерлері мен олардың отбасыларының әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуді маңызды міндет деп білеміз. Қайта ұйымдастыру барысында айтарлықтай қысқартулар болған жоқ. KAZ Minerals Тобы өз жұмыскерлерінің қауіпсіз жағдайда еңбек етуіне және мамандардың бәріне тең мүмкіндіктер беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды болашақта да жалғастырады. Басшылық лауазымдарды қоса алғанда біздегі еңбек персоналының денін жергілікті мамандар құрайды және біз мұны мақтан тұтамыз. Біздің өнеркәсіп орындарымызда гендерлік баланс сақталған. Жұмыскерлердің жалпы санының 31 пайызын әйелдер құрайды. Жоғарғы басшы буын қызметкерлерінің 29 пайызын, Директорлар кеңесінің 11 пайызын әйелдер құрайды (Директорлар кеңесі мүшелерінің арасында бір әйел бар).

2014 жылы Қазақстан үкіметінің «жасыл экономикаға» көшу бағдарламасы аясында тағы бір айтулы оқиға болды. Сол жылдың наурыз айында ауаға көмірқышқыл газдарын тастау жөніндегі квоталарды сататын ресми жүйе іске қосылып, біз оған алғашқылардың бірі болып қатыстық.

Қайта ұйымдастыру нәтижесінде KAZ Minerals қызметінің профилі және қоршаған ортаға әсер ету деңгейі өзгерді. Дегенмен біз кәсіпорындарымыздың қоршаған ортаға және жергілікті халықтың денсаулығына келтіретін залалын төмендетуге бағытталған жұмыстарды тоқтатпаймыз.

Олег Новачук

KAZ Minerals PLC Басқарма төрағасы